10 ноября 2025 г. 10:13

Трамптың сөзін бұрмалаған BBC-дің басшылығы отставкаға кетеді

Фото: BBC

BBC Британдық хабар тарату корпорациясының бас директоры Тим Дэйви мен BBC News жаңалықтар бөлімінің басшысы Дебора Тернесс отставкаға кетті. Бұл туралы BBC мәлімдеді.

Астана, NEGE. Даудың туындауына АҚШ президенті Дональд Трамптың «Panorama» бағдарламасындағы сөзі өңделіп берілгені себеп болған.

«BBC мінсіз емес, сондықтан біз әрдайым ашық, айқын және есеп беруге дайын болуымыз керек. Бұл менің шешімімнің жалғыз себебі болмаса да, BBC News төңірегінде болып жатқан қазіргі талқылау бұл шешімге әсер етті. Жалпы алғанда, BBC жақсы жұмыс істеп келеді, бірақ кейде қателіктер жіберді және бас директор ретінде мен соңғы жауапкершілікті өз мойныма алуым керек», — делінген Дэйвидің хатында.

Дэйвидің айтуынша, ол алдағы бірнеше ай ішінде жаңа басшыға жұмыс барысын тапсырып, отставкаға кету мерзімін келісіп жатыр.

Мұндай мәлімдемені BBC News жаңалықтар бөлімінің басшысы Дебора Тернесс те жасаған.

«Президент Трамп туралы айтылған Panorama бағдарламасына қатысты жалғасып жатқан дау BBC-ге зиян келтіретін деңгейге жетті. Иә, қателіктер болды, бірақ мен BBC News ұйым ретінде бейтараптықтан айырылды деген соңғы айыптаулардың жалған екенін нақты айтқым келеді. Жауапкершілік менің мойнымда», — деп жазды Дебора Тернесс.

Сонымен қатар, ол сенбі күні Тим Дэйвидің атына отставкаға кету туралы өтініш бергенін айтқан.

Даудың басталуына өткен жылы эфирге шыққан «Трамп: Екінші мүмкіндік пе?» атты бір сағаттық бағдарлама себеп болды. Онда АҚШ президенті Дональд Трамптың 2021 жылдың 6 қаңтарында Вашингтондағы тәртіпсіздіктердің алдында айтқан сөзі дұрыс берілмеген. Бағдарлама Трамп тәртіпсіздікке тікелей шақырғандай әсер қалдырған.

Шын мәнінде, өз сөзінде Трамп: «Біз Капитолийге барамыз және біздің батыр сенаторлар мен конгрессмендерді жігерлендіреміз», — деген. Ал бағдарламада бұл сөздер «Біз Капитолийге барамыз... мен сендермен бірге барамын. Біз күресеміз. Бар күшімізбен күресеміз», —деп келтірілген. 

BBC-дің мәліметінше, Трамптың түпнұсқа сөзінде аталған екі сөйлемнің арасында 50 минуттан астам уақыт айырмашылық болған. Бұл бағдарламаны олар үшін тәуелсіз мердігер компания әзірлеген.

Айта кетейік, Тим Дэйви BBC-дің бас директоры қызметіне 2020 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. Бұған дейін ол жеті жыл бойы корпорацияның коммерциялық бөлімшесі — BBC Studios ұйымын басқарған. Жалпы алғанда, ол BBC-де 20 жыл жұмыс істеген.

Дебора Тернесс 2022 жылдан бері BBC News бөлімін басқарды. Ол әлемнің түкпір-түкпіріндегі 500 млн аудиторияға арналған материалдар мен бағдарламаларды 40-тан астам тілде дайындайтын 5 мыңнан астам қызметкерден тұратын командаға жетекшілік еткен.