Трамп жуырда марихуанаға бақылауды жеңілдетпек
АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбіде марихуананы қайта жіктеу туралы бұйрыққа қол қоюы мүмкін.
Астана, NEGE. Осы ақпарат аясында каннабис өндіріп, сатумен айналысатын компаниялардың акциялары күрт өскен. Бұл жөнінде CNBC арнасына осы мәселемен таныс дереккөз хабарлаған.
Трамп бұйрыққа қол қойып, федералды агенттіктерге марихуананы 1-санаттан аз реттелетін 3-санатқа қайта жіктеуді тапсырмақ. Бұл шара іске асырылған жағдайда, марихуана героин тобына емес, стероидтер және кодеині бар парацетамол сияқты қауіпсіздеу препараттар тобына жатқызылады әрі есірткіні сату, сатып алу айтарлықтай жеңілдейді.
Compass Point инвестициялық банкінің қызметкері Эд Грошанстың мәлімдеуінше, егер Трамптың бұйрығы шықса, Есірткіге қарсы күрес басқармасы ұсынылған қайта жіктеу ережесін әзірлеуді жазға дейін аяқтайды.
Vicente LLP заң фирмасының серіктесі, каннабис мәселесімен айналысатын Шон Хаузер қайта жіктеу «ішінара жеңіс» екенін айтады, өйткені онан соң секторға заңдастыру мәселесімен айналысуға тура келеді. Дегенмен, бұл серпін Конгресті қауіпсіздік, қолжетімдік саласында ауқымды өзгерістерді қамтамасыз ететін құқықтық база құруға және қылмыстық сот төрелігі саласында реформалар жасауға итермелейді.
Хаузердің пікірінше, «бұл қоғамдық денсаулық сақтау саясаты саласындағы жаңа дәуірдің бастауы болмақ, әрі ғылым мен медицинаға қайшы келетін ескірген есірткі саясатына нүкте қоймақ».