Трамп желтоқсанда Тоқаевпен кездесуді күтетінін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау жеделхатын жолдап, желтоқсанда өтетін G20 саммитінде Қазақстан басшысымен кездесуге ниетті екенін білдірді.

Ақорда

Астана, NEGE. Трамп жеделхатында екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығайып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ АҚШ Қазақстанның егемендігін қолдайтынын растаған.

«Өткен жылы серіктестігімізді едәуір нығайтқанымызды мақтан тұтамын. Біз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерінде ынтымақтасып қана қоймай, екі елге де тиімді ірі коммерциялық келісімдер жасадық», – делінген жеделхатта.

Америка президенті АҚШ компанияларының Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесіне де тоқталған. Ол Тоқаевпен желтоқсан айында Майамиде өтетін «Үлкен жиырмалық» саммитінде қайта кездесуді асыға күтетінін жеткізді.

Еске салайық, Тоқаев пен Трамп 2025 жылғы қарашада Ақ үйде кездескен. Сол сапар барысында Қазақстан мен АҚШ компаниялары жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойған.

Биыл ақпанда екі президент Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысты. Ал қыркүйекте Трамптың арнайы өкілі Серджио Гор Тоқаевқа Америка президентінің жеке жолдауын табыстаған болатын.