18 июля 2025 г. 18:25

Трамп Зеленскийге: «Мәскеуді немесе Санкт-Петерборды бомбалай аласың ба?»

Фото: REUTERS / Brian Snyder

The Washington Post Трамп пен Зеленскийдің өзара әңгімесінің толықтырылған нұсқасын жариялады. Бұл туралы BBC-дің Орыс қызметі хабарлады.

The Washington Post украиналық шендінің сөзіне сүйеніп, былай деп жазады: «4 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Володимир Зеленский телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында Трамп Зеленскийге тек қорғану арқылы соғыстың бағытын өзгерту мүмкін емес екенін, алға жылжу үшін шабуылдау қажет екенін айтқан.

Сөз арасында Трамп: «Украина Мәскеуді немесе Санкт-Петерборды бомбалай ала ма?», – деп сұраған. Зеленский оған: «Егер қажетті қару қолымызда болса, бомбалай аламыз», – деп жауап берген».

Бірер күн бұрын батыс басылымдары бұл туралы жазған. Бірақ әңгіме басқа рәуіште өрбігені туралы хабарланған еді. Трамптың өзі осыған қатысты: «Жоқ, ол (Зеленский) Мәскеуді бомбалауға тиіс емес», – деген-міс. Сондай-ақ Трамп «АҚШ Украинаға Мәскеуді атқылайтын қару бермейтінін» де айтқаны сөз болған.

К.Левитт. Фото: ғаламтордан

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт Трамптың Зеленскиймен әңгіме барысында Украинаның Ресей аумағына соққы жасауға мүмкіндігі бар-жоғын сұрағанын растады.

«АҚШ президентінің жалғыз сөзін мәтіннен бөліп алып жариялаған. Шын мәнінде ол (Трамп) Ресей астанасын бомбалауды қолдаған жоқ, тек ақпарат алғысы келді», – деп ақталды Кэролайн Левитт.