Трамп: Украина бойынша келіссөздер "шырқау шегіне" таяды
Бұл жөнінде AP жазды.
Алматы, NEGE. АҚШ президенті Дональд Трамп 18 сәуірде Украинадағы соғысты реттеу бойынша келіссөздер "шырқау шегіне" таяды деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге тараптардың ешқайсысы ұзаққа созылған соғысты тоқтату қадамын жасап жатқан жоқ деп санайды.
"Нақты бір белгіленген мерзім жоқ, бірақ біз мұны тезірек жасағымыз келеді... Егер қандай да бір себептермен тараптардың бірі процесті тым қиындатып жіберсе, "сіз ақымақ екенсіз, бұл ақымақтық деп тек кері шегінеміз", - деді Трамп Ақ үйде.
"Ресей басшысы Владимир Путин келіссөзді созбалақтап отыр ма?" деген сұраққа Трамп "олай емес деп ойлаймын" деді.
Жұма күні сәл ертерек АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио егер бірнеше күнде Ресей мен Украинаның жақын арада бітімге келетіні анық болмаса, Вашингтон араағайындықтан бас тартады деп мәлімдеген.
“Егер бейбітшілік орнауы мүмкін болса – араласамыз, болмаса – бізде өзге де басымдықтар бар” деді Рубио. Оның сөзінше, АҚШ кейінгі үш жылда Украинаға көмектескен және соғыстың аяқталғанын қалайды, алайда назар аударылуы тиіс өзге де мәселелер бар.
Мұндай мәлімдемені Марко Рубио Парижде украин делегациясымен кездесуден шыққан кейін айтқан. Кездесу кезінде соғысты аяқтау мәселесі талқыланған. АҚШ-тың Украина мәселесі бойынша арнайы уәкілі Кит Келлог Елисей алаңындағы кездесу "өте өнімді" өткенін айтқан. Келіссөзге Америка жағынан Рубио мен Келлогтан бөлек Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф та қатысқан.
Украина делегациясына қорғаныс министрі Рустем Умеров пен Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак жетекшілік еткен. Келіссөзде сонымен бірге Франция, Германия, Ұлыбритания жетекшілері болған.
Рубионың мәлімдемесіне түсініктеме берген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей мен АҚШ арасында "күрделі келіссөз жүріп жатыр" деді. Ол жай-жапсарын айтқан жоқ, бірақ алдағы күндері Трамп пен Путин арасында келіссөз жоспарланбағанын жеткізді.