26 июня 2025 г. 9:48

Трамп пен Зеленский Гаагадағы кездесуде не жайында сөйлесті?

Фото: ғаламтордан

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский сәрсенбі күні Гаагада өтке НАТО саммиті аясында кездесу өткізді.

Алматы, NEGE. Кездесу 45 минутқа созылды. Жоспарланған баспасөз мәслихаты өтпей қалды.

Кейінірек Зеленский мен Трамп өздерінің әлеуметтік желілерінде әңгіме барысында қозғалған тақырыптар туралы хабарлады.

«Президент Трамппен ұзақ әрі мазмұнды кездесу өтті. Барлық маңызды мәселелер қамтылды. Президент мырзаға алғыс айтамын, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарына да ризашылығымды білдіремін», – деп жазды Зеленский.

Оның айтуынша, олар соғысты тоқтату мен нағыз бейбітшілікке қол жеткізу жолдарын, сондай-ақ Украина халқын қалай қорғау керектігін талқылаған.

«Соғыс алаңындағы жағдай туралы сөйлестік. Путин жеңіп жатыр деуге болмайды. Президентке нақты жағдайды дәлелдермен баяндадым», – деді Зеленский.

Сондай-ақ, Украина президенті Зеленский Трамппен Киевтің АҚШ-тан әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін (ПВО) сатып алуға дайын екені жөнінде сөйлескенін айтты. Қалалар мен азаматтарды қорғау мақсатында бұл жүйелер қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, дрондарды бірлесіп өндіру мүмкіндігі де талқыланған.

«Кездесу мен қолдау үшін алғыс айтамын. Халқымыз туралы жылы сөздеріңізге рахмет. Жұмысты жалғастырамыз», – деп жазды Зеленский.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО саммитіндегі баспасөз мәслихатында Зеленскиймен Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқыламағанын мәлімдеді.

«Мен тек оның жағдайын білгім келді. Бұрын біздің қарым-қатынасымыз қиын еді, бірақ ол осы жолы өте сыпайы болды. Тіпті бұдан да сыпайы болуы мүмкін емес еді. Оны көргеніме қуандым. Тамаша кездесу болды. Қазір соғысты тоқтату үшін өте қолайлы уақыт деп ойлаймын. Мүмкін, президент Путинмен де сөйлесіп көрермін» – деді Ақ үй басшысы.

Трамп Зеленскийді «қиын шайқас жүргізіп жатыр, бірақ ол табысқа жетіп келеді» деп бағалады.

«Украинадағы соғыс – басқа соғыстарға қарағанда әлдеқайда күрделі. Путинмен келісу қиын, бірақ Зеленскиймен де арада кикілжіңдер болған» – деді ол.