Трамп пен Зеленский АҚШ-та бейбітшілік жоспарын талқылады
28 желтоқсан күні Флорида штатында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский келіссөз өткізді. Америкалық және украиналық делегациялар арасындағы келіссөздер Дональд Трамптың Мар-а-Лагодағы жеке резиденциясында шамамен үш сағатқа созылды.
Астана, NEGE. Кездесуден кейін өткен баспасөз-конференциясында Дональд Трамп пен Владимир Зеленский келіссөздер барысында Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты едәуір прогресс байқалғанын атап өтті.
Трамптың айтуынша, бейбіт келісімге қол жеткізуге жақын қалған, тараптар шарттардың шамамен 95 пайызын келісіп қойған.
Екі елдің басшылары да кездесуді «өте жақсы өтті» деп бағалағанымен, Трамп «бір-екі аса күрделі мәселе» бар екенін, соның ішінде ең өзектісі жер мәселесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Донбасс аймақтарының кімге тиесілі болатыны әлі де шешілмеген. Бұл қиын мәселе болғанымен, АҚШ президенті оның шешілетініне сенім білдірді.
Зеленский де бұл күрделі мәселе екенін айтып, елдің көзқарасы мәлім екенін айтып өтті.
«Біз өз заңымызды, өз халқымызды, өз жерімізді құрметтеуге тиіспіз. Бұл мәселеде біздің ресейліктермен ұстанымымыз мүлде бөлек», – деді ол.
Сондай-ақ Зеленский, «берік бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы шешуші кезең – қауіпсіздік кепілдіктері» екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктері толықтай келісілген.
АҚШ және Украина президенттері барлық талқыланған мәселені түпкілікті келісу үшін келесі аптада қайта кездесу жөнінде уағдаласты. Сонымен қатар Владимир Зеленский мен Дональд Трамп қаңтар айында Вашингтонда еуропалық көшбасшылармен бірлескен кездесу өткізуге келіскен.