Трамп Ормуз бұғазындағы кемелерді босату операциясы басталғанын мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыс уақыты бойынша дүйсенбі күні таңертең Ормуз бұғазы арқылы кемелерді шығару операциясын бастайтынын хабарлады.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Оның айтуынша, «әлемнің көптеген елі» Вашингтонға АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс салдарынан Ормуз бұғазында бөгеліп қалған кемелерін шығарып беруді сұрап жүгінген.
«Иранның, Таяу Шығыстың және АҚШ-тың игілігі үшін біз бұл елдерге өз жұмысын еркін әрі толық жалғастыруы мақсатында кемелерін осы жабық су жолдарынан қауіпсіз түрде шығаратынымызды мәлімдедік. Бұл процесс – "Бостандық" жобасы Таяу Шығыс уақыты бойынша дүйсенбі күні таңертең басталады», – деп жазды Трамп.
Ақ үй басшысы АҚШ тарабы бұл кемелер мен олардың экипаждарын бұғаздан қауіпсіз шығару үшін бар күшін салатынын атап өтті.
«Бұл – АҚШ пен Таяу Шығыс елдерінің, әсіресе Иранның тарапынан жасалған гуманитарлық қадам. Бұл кемелердің көпшілігінде азық-түлік пен экипаж мүшелерінің денсаулығы пен санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге қажетті басқа да ресурстар жетіспейді», – деп қосты ол.
Сонымен қатар Трамп операцияға кедергі келтіру әрекеттері жасалса, АҚШ күш қолданатынын мәлімдеді.