3 января 2026 г. 19:31

Трамп Николас Мадуро мен оның жұбайы ұсталғанын хабарлады

Фото: @nicolasmaduro/Instagram

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорестің ұсталып, елден шығарылғанын мәлімдеді.

Астана, NEGE. 3 қаңтарда Венесуэланың астанасы Каракаста бірнеше жарылыс болғаны хабарланды. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, қаланың кейбір аудандары электр қуатынсыз қалған.

Венесуланың Сыртқы істер министрлігі бұл әрекетті әскери агрессия деп бағалап, АҚШ билігін жауапқа тарту үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жүгінетінін хабарлады.

ABC News мәліметінше, Мадуроны ұстау операциясын АҚШ әскерінің арнайы мақсаттағы Delta Force бөлімшесінің сарбаздары жүргізген. Басылым өз дереккөздеріне сүйеніп, Мадуро арнайы ұшақпен Нью Йоркке жеткізілетінін жазды.

АҚШ бас прокуроры Памела Бонди Николас Мадуроға есірткі терроризміне байланысты сөз байласу және кокаин тасымалдау айыптары тағылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар оған автоматты қару мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз иемдену, сондай-ақ оларды АҚШ-қа қарсы қолдану мақсатында келісімге келу баптары бойынша да айып тағылып отыр. Жақын уақытта ол АҚШ аумағында сот алдында жауап береді.