Трамп Иранның электр станцияларына соққы жасауды бес күнге кейінге қалдыруды тапсырды
АҚШ пен Иран арасында екі күн келіссөз жүргізіліп, нәтижесінде Америка Президенті Дональд Трамп Қорғаныс министрлігіне Иранның электр стансалары мен энергетикалық инфрақұрылымына бес күнге әскери соққы жасамауды тапсырған.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Дональд Трамп 23 наурызда Truth social әлеуметтік желісінде хабарлады.
«Америка Құрама Штаттары мен Иран соңғы екі күн ішінде Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдарымызды толық әрі жан-жақты реттеу мәселесіне қатысты өте тамаша әрі нәтижелі келіссөздер жүргізгенін қуана хабарлаймын. Осы терең, егжей-тегжейлі және сындарлы келіссөздердің сипаты мен сарынына сүйене отырып, әрі олар апта бойы жалғасатынын ескере келе, мен Қорғаныс министрлігіне Иранның электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымына кез келген әскери соққыны бес күнге шегере тұруды тапсырдым», – деп жазды АҚШ Президенті.
Бұл шешім, Трамптың мәлімдеуінше, кездесулер мен талқылаулар сәтті аяқталған жағдайда іске асырылады.