«Тозаққа айналады»: Трамп Иранға 48 сағат уақыт берді
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға келісім жасау үшін 48 сағат мерзім бергенін мәлімдеді. Ол талап орындалмаған жағдайда елге қатаң шара қолданылатынын ескертті.
Алматы, NEGE. Дональд Трамп бұл туралы өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, бұған дейін Иранға келісімге келу немесе Ормуз бұғазын ашу үшін 10 күн уақыт берілген.
«Уақыт аяқталуға жақын. Егер 48 сағат ішінде келісім болмаса, тозаққа айналады», – деді Трамп.
Ақ үй басшысы Иран келісімге 6 сәуірге дейін келуі тиіс екенін атап өтті. Бұған дейін ол Иранның энергетикалық нысандарына қатысты қысымды уақытша шектегенін, алдымен 5 күнге, кейін 10 күнге ұзартқанын айтқан.
Трамптың сөзінше, мұндай шешім Тегеранмен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде қабылданған. Алайда Иран билігі мұндай келіссөздердің болғанын жоққа шығарып отыр.