Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Божко бола ма?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікті қайта құруды тапсырды.
«ІІМ құрылымын қайта қарап, министрлік тиімді жұмыс істеуі үшін қажетсіз міндеттемеден босатып, ведомства жұмысының тиімділігін арттыру керек. Табиғи және техногенді апаттар дәуіріне тап келгенімізді ескеріп, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікті қайта құру қажет деп есептеймін», – деді Мемлекет басшысы.
Естеріңізде болса, сайтымызда «Құпия құжат. Күзде төтенше жағдай қайта орнауы мүмкін» деп аталатын мақала жариялағанбыз. Онда Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ә.Исекешев пен президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова дайындаған әлдебір құжат қолымызға түскенін, мұның тиісті органдарға нұсқаулық сияқты ұсынылғанын айтқанбыз. Мұндай құжаттың бар-жоғын нақтыламаққа Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы – Президенттің көмекшісі Әсет Исекешевтің атына ресми сауал жолдадық. Алайда Исекешевтен әлі жауап келген жоқ.
Енді Әсет Исекешевтің жауабы қажет болмай қалған сияқты. Өйткені әлгі мақалада былай дегенбіз: «Болжамға сәйкес, күзде індет жұқтырған науқастар саны күніне 6 мың адамға жетеді. Соған байланысты қазан-қараша айларында Төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін. Не болмаса, кейбір өңірлерде ғана режимді қатаңдатуды қолға алу керек.
Ол үшін қаржыландыру тетігін кеңейтуді қарастыру қажет. Яғни, гуманитарлық, демеушілік көмектерді мемлекеттің балансына алып, негізгі және қосымша шараларды қабылдау тиіс.
Бірінші, жеке және заңды тұлғалардың карантин режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартып, сондай-ақ індетке қарсы күрес кезінде саяси және мемлекеттік қызметкерлердің өз міндетін орындау барысында бюрократияға жол бермеуін қадағалау керек.
Екінші, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік құруды қолға алған дұрыс. Төтенше жағдай, тіпті эпидемия кезінде де мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастыруды мойнына алуы керек. Министрлік Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Казавиаспас және санитарлық авиация, гуманитарлық көмекті бақылау мен жеткізу, сейсмикалық қауіпсіздік және басқа да азаматтарды қорғау мәселесіне қатыса бар құрылымдардың жұмысына қан жүгіртуі тиіс.
Үшінші, төтенше жағдай кезінде Оперативті штаб жұмысын қайта құрылымдау. Штаб бір институттың базасында құрылып, өзінің жеке орталығы болуы керек, бәлкім тәулік бойы жұмыс істеуі мүмкін. Оның құрамында түрлі эксперттер, жалпы жағдайға талдау жасайтын аналитиктер тобы, індеттің таралуына болжам жасайтын математиктер тобы болуы ләзім. Штаб жетекшісі ретінде Премьер-министрдің бір орынбасарын тағайындап, оны басқа міндеттер мен тапсырмалардан босатуды қарастырған жөн. Ал облыстық дейгейдегі штабтардың жетекшісі әкім орынбасарлары болуы керек».
Біздің мақалада айтылған нәрсенің түгелге жуығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан естідік. Ендеше, «құпия құжаттың» бар екеніне сенбеске амал қайсы?
Жағдайға байланысты Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік қайта құрылатын болды. Министр кім болады?
Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, министрлікті қайта құру туралы әңгіме шыққалы бері келесі жылы көктемде 72 жасқа толатын Владимир Божконың көмекейі бүлкілдеп жүрген көрінеді...