Төрт ай бұрын жоғалған қыздың денесі табылды
Петропавлда төрт ай бұрын жоғалған 22 жастағы қыздың денесі табылды.
Алматы, NEGE. 22 жастағы Елизавета Матюхина 3 сәуірде хабар-ошарсыз кеткен. Полицейлер мен еріктілер қызды төрт ай бойы іздеді.
1998 жылы туған Елизавета Матюхина Петропавл қаласындағы Уәлиханов көшесінде орналасқан үйден 3 сәуір күні түскі 12 шамасында шығып, жоғалып кеткен. Төрт ай бойы қызды полицейлер мен еріктілер іздеді. Жуықта жоғалған қыздың денесі табылды.
«1 тамыз күні шамамен сағат 18:50-де Петропавл полиция басқармасының «102» нөміріне Речпорт ауданындағы тазарту құрылыстарынан әйелдің мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел тергеу тобы аттанды», – деп ақпарат берді полиция басқармасы.
Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.