«Төрт сағат ота жасалды» – Оқ жарақатын алған Руслан Берденовтің қазіргі жағдайы қандай?
Бастапқыда Руслан Берденовтің жағдайы өте ауыр деп бағаланған.
Алматы, NEGE. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, шұғыл түрде қалалық ауруханаға жеткізген. Онда төрт сағатқа созылған шұғыл операция жасалды. Қазіргі таңда өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
«Ауруханаға жеткізілген науқасқа шұғыл түрде ота жасалды. Дәрігерлер қан кетуді тоқтатып, зақымданған жерлерді қалпына келтіре алды. Жарақаттардың күрделілігіне байланысты операция ұзаққа созылды. Өміріне қауіп жоқ, пациент дәрігерлердің тұрақты бақылауында», — деді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.
Отадан кейінгі диагноз: оң жақ кеуде қуысының көп жерден зақымданған оқ жарақаты; оң жақ өкпенің төменгі бөлігінің, қабырға аралық артериялардың және көкеттің зақымдануы; оң жақтағы гемопневмоторакс; іш қуысына енген бірнеше жарақат; бауырдың зақымдануы; ішкі қан кету; сыртқы қан кету; плевропульмоналдық және геморрагиялық шок анықталған.
Естеріңізге сала кетейік, Қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кетті. Оқиға кеше сағат 20:30-да қалалық әкімдік маңында болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Оқ «оң жамбасы мен иығына тиген».
Оқ атқан адам ұсталды.
Күдікті — әкімдікте жұмыс істейтін қызметкер.