«Тоқтайтын түрі жоқ»: Депутат Алматыдағы апаттан кейін жазаны күшейтуді талап етті
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеннің айтуынша, Алматыдағы әл-Фараби даңғылында орын алған жол апатына қарамастан, «байдың балалары» әлі күнге дейін жолда көлікпен жарысатын көрінеді.
Астана, NEGE. Халық қалаулысы жол-көлік оқиғасы тіркелген әл-Фараби даңғылына арнайы барып, жағдайды өз көзімен зерделеп қайтқан. Депутаттың сөзінше, ауыр апаттан кейін де жолдағы тәртіп түзелмеген.
«Жолда өзім де көрдім. Екі жағымнан «шашки» ойнап, қауіпті маневр жасап, көліктер зулап өтті. Апат болғаннан кейін екі күн өтсе де, олардың тоқтайтын түрі жоқ. Көшеге шығып, Сейфуллин - әл-Фараби қиылысында әдейі бір сағаттай тұрып, видеоға түсірдім. Өте көп, шамамен 10-15 автокөлік заң бұзады. Мұны зерттеп көрдім. Шетелде бұл "стрит-рейсинг" болып саналады. Көбінесе бұл бай адамдар, қымбат және спорттық көлік иелері», – дейді депутат.
Осыған байланысты ол әріптесі Бақытжан Базарбекпен бірлесіп, жолдағы тәртіпті күшейтуге бағытталған нормалар әзірлеген.
«Біздің ұсынысымыз былай: егер жүргізуші жылдамдықты 60 км/сағаттан асырып жүрсе, ондай жүргізуші бірден 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік айдау құқығынан айырылуы керек. Егер екінші рет солай істесе, 50 тәулікке қамап, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру қажет. Ондай адамдар түзелмейді. Бұрынғыдай "айыппұлмен құтыламын" деген болмауы керек. Оларға айыппұл "проездной" сияқты», – деп түсіндірді Мұрат Әбен.
Мәжілісмен жылдамдықты шамадан тыс асыру салдарынан кісі өлімі тіркелген жағдайлар қолданыстағы заңнамада көбіне «абайсызда жасалған қылмыс» ретінде қарастырылатынын еске салды. Ол бұл бапты «қасақана жасалған қылмыс» деп өзгертуді ұсынып отыр.
«Егер бір адам қайтыс болса – 7 жылдан 10 жылға дейін, ал екі не одан да көп адам көз жұмса – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді ұсынамыз», – деді депутат.
Бұдан бөлек, Мұрат Әбен жүргізушілерге жағдай жасап, олардың құқықбұзушылықтарына жол беріп қойған полиция қызметкерлерін қатаң жазалауды талап етті.
«Қазіргі заң бойынша полиция «әрекетсіздік» үшін 5 жылға дейін қамалуы мүмкін. Біз шетелдік тәжірибені көрдік: егер полиция өз қызметін дұрыс атқармай, тиісті шараларды қабылдамай, соның салдарынан адам өлетін болса, Батыс елдерінде бұл қасақана жасалған қылмыс ретінде қаралады және 10–15 жылға дейін жаза көзделген. Осыны бізде де енгізуді ұсынамыз», – деп түсіндірді ол.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылының бойында болған жол апаты үш адамның өмірін қиды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті жүргізуші қамауға алынды. Сонымен қатар полицияның ықтимал әрекетсіздігі мен мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілуі бойынша да бөлек тергеу басталған.