Тоқаев Үкіметке әлеуметтік нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны іске асыруды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, 2026 жылғы қаңтар-маусым айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есебін тыңдады.
Астана, NEGE. Бектеновтің мәлімдеуінше, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 4,1 пайызға өскен. Экономика құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 9,8 пайызға, көлік саласы – 7,1 пайызға, құрылыс саласы – 15,2 пайызға артқан. Сондай-ақ сауда-саттықта, ауыл шаруашылығында және байланыс қызметінде өсім тіркелген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңге болса, соның ішінде жеке инвестиция 21,4 пайызға ұлғайған.
Сондай-ақ кездесуде Үкімет басшысы инфрақұрылым мен әлеуметтік даму мәселелеріне жеке тоқталып өтті. Соның ішінде ірі автожол жобаларының жүзеге асырылу барысы, Астана қаласындағы екінші әуежайдың құрылысын және Tarlan Astana көлік жүйесінің келесі кезеңін жоспарлау туралы айтты. Ал пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жетпек.
Бұған қоса, Олжас Бектенов Президентке ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштер мен шаруаларды қолдау шаралары жөнінде баяндады. Бұл саладағы өндіріс көрсеткіші 15 триллион теңгеге жеткен, егістік алқаптары 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайған. Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлінген.
Бұдан бөлек халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуы жөнінде есеп берілді. Кейбір әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жылына 800 миллиард теңгеден аса қаржы үнемделетіні айтылды.
Жылыту маусымына дайындық мәселесі де назардан тыс қалмаған. Өткен маусымның қорытындысы бойынша бес жылу электр орталығы аса жоғары тәуекелдің «қызыл» аймағынан шығарылып, үш ЖЭО «жасыл» аймаққа ауыстырылған. Биылғы жөндеу жұмыстары 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны қамтымақ. Бұл мақсатқа 384 миллиард теңге бөлінген.
Цифрландыру және ұлттық АІ инфрақұрылымын дамыту бойынша премьер-министр «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасын іске асыру мақсатында әлемдік ІТ көшбасшыларымен бірге қуаты 250 МВт болатын инфрақұрылым жасақталатынын айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына туризм инфрақұрылымын жаңғырту жайында есеп берілді. Бектенов Алматы тау кластерін дамыту туризм саласының ІЖӨ құрылымындағы үлесін арттырғанын атап өтті. Almaty SuperSki жобасының құрылысы жандана түсті: 60 шақырым трасса құрылысы аяқталғанда тәулігіне 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік туады.
Нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ел азаматтарының тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсарту бағытында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алуды міндеттеді. Сондай-ақ заманауи денсаулық сақтау нысандарын салу тапсырылды.