Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Канцлері Олаф Шольцпен кездесуіне қатысты
Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Олаф Шольцке алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «С5+Германия» диалогын өткізу өте өзекті екенін атап өтті.
Алматы, NEGE. Президент ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталып, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейтуді басты міндет ретінде атады.
– Германиямен жалпыаймақтық сауда-саттық қарқынды дамып келеді және өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көрсеткіші 11 миллиард долларды құрады. Осы тауар айналымының 80 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Біз ГФР-ға жалпы сомасы 850 миллион доллар болатын қосымша 100 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайынбыз. Бұл жерде мұнай химиясы, металлургия, тамақ өнеркәсібі өнімдері туралы сөз болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өзара тауар айналымының өсімі аймақ елдерінен импортталатын өнімдерге қатысты ұзақмерзімді келісімшарт жасауға, сондай-ақ Еуропа одағының Бас жүйесіндегі жеңілдіктер (GSP ) сияқты Орталық Азия мемлекеттеріне де арнайы сауда жеңілдіктерін ұсынуға ықпал ете алады.
Президент сауда шарттарын жеңілдету жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін салалық ведомстволардың басшылары деңгейінде бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.