Тоқаев қазақ тілін қолдайтын қорға өз қаражатынан 7 млн теңге аударды

"Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы" қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы Президенттің қабылдауында мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсынғанын айтты. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.

Алматы, NEGE. "Тіл жанашырларынан, қазақ қауымынан сүйінші сұрар ретім бар. 12 қазан күні Президенттің қабылдауында мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсындым. Мемлекет басшысы ұсынысты қолдаған еді. QAZAQ TILI Endowment қорын құру, тіркеу, рәсімдеу шаралары жақында аяқталып, бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы сол қорға бірінші болып 7 миллион теңге көлемінде жеке жарна аударды", – деп жазды ол Facebook-те.

Бұл қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету. Эндаумент қорының ерекшелігі — қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады.

"Инвестициялық қызметтен түскен табыс "Қазақ тілі" қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады. Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралған. Қазір Жапониядағы ғылым мен технология қоры, сонымен қатар, Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қорлары дүниежүзіндегі ең ірі эндаумент қорларының қатарына кіреді. Қазақстанда да ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың эндаумент қорлары сәтті жұмыс істеп келеді. QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды", – деді ол.

Қазір оқып жатыр

115 мың қазақстандық Тоқаевтан жануарларды эвтаназиялау туралы заңға вето қоюды сұрады

Алматыда аса ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 10 адам ұсталды

Қазақстанға Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған келді

Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасына Пентагоннан тағы 400 млн доллар сұрады