Тоқаев Қарағанды облысына іссапармен барды
Мемлекет басшысы Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқанын, оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтетінін айтты.
Алматы, NEGE. Мемлекет басшысы Қарағанды жұртшылығымен кездесуінде облыстың тыныс-тіршілігімен танысып, нақты мәселелерді талқылау үшін арнайы келгенін атап өтті. Сондай-ақ өңірдің тарихы мен ел руханиятында алатын орны туралы айтты.
– Қарағанды табиғи байлығымен қазыналы деп аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтық тарихи, рухани қазынасы да орасан зор. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғалары шыққан. Қарағанды – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер. Сондай-ақ, Тәттімбет күй толғап, Мәди ән салған қазақ өнерінің киелі бесігі. Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов сынды әдебиетіміздің алыптары да осы қастерлі топырақтан шыққан. Облыс аумағында тамаша табиғатымен көз тартатын жерлер көп. Қарқаралы мен Шайтанкөл, Бектау ата және Бұғылы-Тағылы таулары қашанда қазақтың құтты мекені саналған. Жерінің үсті мәдени жәдігерге, асты қазба байлыққа толы өлкенің еліміз үшін айрықша орны бар, – деді Мемлекет басшысы.
Президент облыстың транзиттік-тасымал әлеуеті мен жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне арнайы тоқталды.
– Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық. Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын. Сонымен бірге «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді.
Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек. Сондай-ақ «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев облысты сумен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын дамыту өзекті мәселе екенін айтты.
– Облыстағы 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Басқа ауылдарды көп созбай сумен қамту қажет. Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.