Тоқаев азаптауға қатысты заң жобасына қол қойды
Заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық береді.
Алматы, NEGE. Құжатта мынадай нормалар қарастырылған:
- қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік қарастырылады;
- азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қатаңдатылады;
- заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тергеу амалдары кезінде аудио және бейне таспалау жүйесін қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі.
Заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық береді:
Ауыр сырқатқа шалдыққан жағдайда оларға жазаны өтеу мерзімін кейінгі қалдыру құқығы беріледі;
Сотталған адамды ауыр дертке шалдығуына байланысты жазасын өтеуден босату туралы сот шешімі дереу орындалады;
Сотталған әйелдерге өз балаларын колонияда қалдыруға рұқсат ету мерзімі 3 жылдан 4 жылға ұзартылды;
Бірінші рет сотталғандар бас бостандығынан айыру жазасын бұрын сотталғандардан бөлек жерде өтейді. Бұл заңға бағынушылық мінез-құлық қалыптастыруға мүмкіндік береді.