Тоқаев Украинадағы қақтығысты уақытша тоқтатуды ұсынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу барысында Украинадағы қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді қайта бастауды ұсынды. Кездесу Омбыда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы аясында өтті.
Астана, NEGE. Тоқаевтың айтуынша, соғыстың жалғасуы Ресей мен Украинаға қарсы күштердің мүддесіне сай келеді.
«Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдай Ресей және Украина мемлекеттерінің дұшпандарына ғана тиімді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы тараптарға «2.0 Ыстамбұл» негізіндегі келіссөздерге қайта оралуды ұсынды.
«Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп. Білуімше, сіз Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстамбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерде араағайын болмайтынын мәлімдеді.
«Қазақстан – бұл мәселеде сырт қалатын ел емес. Алайда қаншама мәрте ұсыныстар мен үндеулер айтылғанына қарамастан, мен бұл қақтығыста арағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы ел, ал орыс халқы – ұлы халық. Күн тәртібіндегі барлық мәселені делдалсыз-ақ шеше алады. Алайда бүгін өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Себебі адамдар менің Омбыға жоспарлы сапарымнан, сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал», – деді Тоқаев.
Владимир Путин өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Украина бағытындағы қазіргі жағдай туралы егжей-тегжейлі ақпарат беретінін айтты.