Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлерімен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлерімен өткен кездесуде Ұйымға мүше елдер түрлі саладағы, соның ішінде күштік құрылымдар арасындағы өзара байланысын күшейтіп келе жатқанын атап өтті.

Ақорда

Астана, NEGE. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстан бұл беделді құрылыммен жан-жақты ықпалдастықты нығайтуға баса мән беріп отырғанын баса айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ахуал тұрақсыз, құбылмалы болып тұрғанына қарамастан, күллі әлем елдері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып жатқанын айтып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталып өтті.

«Заман талабына сай өркениетті елдер қатарында боламыз десек, шапшаң әрі ширақ қимылдау қажет. Осы мақсатпен Қазақстанда түбегейлі реформалар жүзеге асырылды», – деді Тоқаев.

Президент Наурыз Қазақстанда жалпыұлттық референдум өтіп, Конституция қабылданғанын, Конституцияға сәйкес, елімізде жаңа саяси лауазым – вице-президент тағайындалғанын, Үкіметтің жаңа құрамы жұмысқа кіріскенін айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару мен қауіпсіздікті сақтау құрылымындағы реформаларға тоқталып өтті.

«Атап айтқанда, жаңа мемлекеттік орган – Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Бұл мекеме жаһандық және мемлекеттік ауқымдағы сын-қатерлерге жан-жақты талдау жүргізеді, ұлттық қауіпсіздік саласындағы жұмысты үйлестіреді. Сонымен қатар көп ұзамай жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі жасақталады. Осылайша, еліміздегі билік тармақтары тұтастай жаңаруда. Ауқымды өзгерістер барлық саланы, соның ішінде құқық қорғау саласын да қамтиды», – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу соңында Президент туыстас мемлекеттердің басшыларына ыстық ықыласын жолдады.

Айта кетейік, Ақордада өткен жиынға Әзербайжан Республикасы Ішкі істер министрі Вилаят Эйвазов, Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрі Улан Ниязбеков, Түркия Республикасы Ішкі істер министрі Мустафа Чифтчи, Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрі Азиз Ташпулатов, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қатысты.