19 декабря 2025 г. 14:49

Тоқаев Токиодағы БҰҰ университетінде дәріс оқыды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетіне барып, «Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы» тақырыбында дәріс оқыды, деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.

Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінде дәріс оқуы елімізге көрсетілген құрмет екенін атап өтті.

«Осы айтулы оқу орнында аймақтағы елдер арасынан алғашқы дәріс оқыған мемлекет басшысы атану – мен үшін зор мәртебе. Мұны халықаралық аренадағы рөлі артып келе жатқан Қазақстанға шынайы құрмет деп қабылдаймын. Сондай-ақ біздің мультилатерализмді ілгерілетуге әрі жаһандық қауіпсіздікті қолдауға бағытталған табанды еңбегімізді мойындаудың белгісі ретінде қарастырамын. Біріккен Ұлттар Ұйымы менің өмірімде ерекше орын алады. Өйткені осы Ұйымда Бас хатшының орынбасары және Женевадағы өкілдіктің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымдарын атқару бақытына ие болдым», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Университет ұжымын оқу орнының құрылғанына 50 жыл толуымен құттықтап, БҰҰУ-дың бүкіл халықаралық қоғамдастықтың игілігі үшін нақты шешімдер әзірлеуге қосқан үлесін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өзі ұстанатын қағидаттар мен жапон этикасы арасындағы үндестікке тоқталды. Яғни үйлесімділік, даналық және жауапты көшбасшылық – шынайы күш-қуаттың қайнары.

«Ханзада Сётоку VII ғасырда "үйлесімділік бәрінен биік бағалануға тиіс" деп жазды. Бүгінде бұл қағидат мемлекеттік басқаруда және халықаралық қатынастарда басты рөл атқарып, Қазақстанның сыртқы саясатында айқын көрініс тауып отыр», – деді Президент.

Дәріс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде қақтығыстардың өршуі, ядролық қарудан бас тарту, халықаралық қоғамдастық институттары, БҰҰ-ны жан-жақты реформалау жөніндегі пікірін ортаға салды. Сондай-ақ Президент орта державаларды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне кеңінен қатыстыруға шақырды.

Ақорда

Сөз соңында мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруды ұсынды.

«Мен білімнің және халықаралық деңгейдегі академиялық ықпалдастықтың дамуына айрықша мән беремін. Әсіресе, әлемнің өзгеруін жеделдететін бастамаларды қолдаймын. Бұл басымдықтар БҰҰ университетінің миссиясына толық сай келеді. Биыл Қазақстанда Орталық Азия және Ауғанстанға арналған БҰҰ орнықты даму орталығы ашылды. Қазақстан осы алаңның негізінде Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруға әзір. Оның қызметін, ең алдымен, су және климат қауіпсіздігі, қақтығыстарды реттеу, бітімгерлік, орнықты даму мен жасанды интеллектіні басқару мәселелеріне бағыттауға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның БҰҰ университеті мен еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары арасында бірлескен зерттеу жүргізу, академиялық тәжірибе алмасу және маман даярлау бойынша институционалдық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының университеті – БҰҰ Бас Ассамблеясы құрған жаһандық зерттеу және білім беру орталығы. Штаб-пәтері Токиода орналасқан университет құрамына әлемнің 12 еліндегі 13 институт кіреді.