Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасайды

13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтеді. Жиында көлік және логистика саласын дамыту мәселелері қаралады.

Aqorda

Астана, NEGE. Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталуына қатысты мемлекеттің ұстанымын білдіреді. Бұл жайлы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

Сондай-ақ Президент «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау, ұлттық компания басшыларының жеке жауапкершілігі және стратегиялық маңызды кәсіпорындар жұмысының ашықтығы мәселелеріне тоқталады.

Еске салайық, ҰҚК «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Әзірге күдіктілерге нақты қандай айып тағылғаны белгісіз. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ал NEGE редакциясы өз кезегінде екі басшының өмірбаянын, еңбек жолын, табысы мен отбасы туралы ашық деректерді зерделеп көрді.