Тоқаев Жақыпов пен Отыншиевтің ұсталуы туралы не деді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады

Ақорда

Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет тарағанын еске салып өтті.

«Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай. Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға, халқымыздың осы қасиетті құжатын келемеж жасауға, кемсітушілік көрсетуге ешкімнің де хақы жоқ», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Жақыпов пен Отышиевтің ұсталуы – «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын Конституцияда бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сеніміне жеке тоқталып өтті. Бұл ретте Президент «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқарып, ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыратынын, аса ірі шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейтінін атап өтті.

«Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады», – деді Мемлекет басшысы.

Еске салсақ, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Әзірге күдіктілерге нақты қандай айып тағылғаны белгісіз. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.