Тоқаев Qarmet ұжымының ұйымшылдығы мен еңбегін жоғары бағалады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауда Qarmet компаниясының еңбек ұжымымен кездесіп, кәсіпорынның дамуына үлес қосып жүрген жұмысшылардың еңбегін жоғары бағалады.
Астана, NEGE. Мемлекет басшысы компанияның жетістіктері қызметкерлердің ұйымшылдығы, кәсібилігі мен табанды еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
Президент Qarmet-тің бұрынғы беделін қалпына келтіруге атсалысып жүрген металлургтерге алғыс білдірді. Ол былтыр «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Сергей Чернобайды мысалға келтіріп, өндірісте еңбек ететін азаматтардың мемлекет үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.
«Осы жиынға былтыр ең жоғары ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған Сергей Петрович Чернобай қатысып отыр. Сіздердің араларыңызда Qarmet компаниясының бұрынғы даңқын қайта оралту үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Жемісті жұмыстарыңыз зор құрметке лайық», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев мемлекет өндіріс пен ауыл шаруашылығында еңбек ететін азаматтарды қолдауды жалғастыратынын жеткізді. Оның айтуынша, білікті мамандар мен үздік жұмысшыларды ынталандыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Осы орайда Президент ел өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын хабарлады.
«Бұл – Отанымыздың игілігі үшін жасаған еселі еңбектеріңізге берілген лайықты баға», – деді ол.
Президенттің айтуынша, Qarmet жұмысшыларының кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы кәсіпорынның алдағы дамуы үшін маңызды. Мемлекет басшысы өндіріс саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым лайықты бағаланатынын атап өтті.