Тоқаев пен Димаш әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның тізіміне енді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен әнші Димаш Құдайберген The Muslim 500 халықаралық рейтингіне кірді. Мемлекет басшысы саясаткерлер санатында, ал өнер иесі мәдениет өкілдері қатарында көрсетілген.

Ақорда

Астана, NEGE. 2027 жылға арналған тізімді Иордания астанасы Амман қаласында орналасқан Корольдік ислам стратегиялық зерттеулер орталығы жариялады.

Рейтингке мұсылман қауымына, қоғамдық өмірге, саясатқа және мәдениетке ықпал етіп жүрген әлемнің 500 тұлғасы енгізілген. Қатысушылар саясат, дін, бизнес, ғылым, қайырымдылық, өнер және спортты қоса алғанда, 13 бағыт бойынша топтастырылды.

Тізімнің көшін Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдулазиз, тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салман, Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф, фельдмаршал Асим Мунир және Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған бастады.

Ал Орталық Азия елдерінің арасында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жоғары көрсеткішті иеленген. Ол алғаш рет рейтингтің үздік 50 тұлғасының қатарына еніп, 40-орынға жайғасты.

Сондай-ақ тізімде Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров бар. Ал аралас жекпе-жек шебері Хабиб Нурмагомедов арнайы құрмет белгісіне ие болған.

Айта кетейік, The Muslim 500 рейтингі 2009 жылдан бері жыл сайын жарияланып келеді. Оған тұлғаларды іріктеу кезінде олардың мұсылман қауымына және қоғамдық үдерістерге ықпал ету деңгейі ескеріледі. Алғашқы 50 адамның орны нақты белгіленсе, қалған қатысушылар қызметі мен ықпал ету саласына қарай топтастырылады.