Тоқаев өзімен кездескісі келген үш жасар Әміреге сыйлық беріп жіберді

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Президенттің тапсырмасымен Халықаралық балаларды қорғау күні үш жасар Әміремен кездесті. Кішкентай Әміре LRT-ға алғаш мінген сәті түсірілген видеодан кейін көпшілікке танылған еді.

Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Әміренің ата-анасы баласының видеоларын әлеуметтік желіге жиі жүктеп тұрады. Сол видеоларда кішкентай бала Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сағынғанын, оны көрсе құшақтағысы келетінін, Ақордаға баруды армандайтынын айтып жүрген.

Бір видеода Әміре LRT-ға мініп, Ақорданың жанынан өтіп бара жатқанда әнұранды шырқайды. Ол өзін Президентпен кездесуге бара жатырмын деп ойлаған. Бірақ олай емес екенін білгенде, жылап қалған.

Бұл әсерлі сәт көпшіліктің жүрегін елжіретті. Әміренің арманы Мемлекет басшысына да жеткен. Тоқаевтың тапсырмасымен Астана әкімі Жеңіс Қасымбек балаға Президенттің атынан алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады.

«Қазақстандықтардың көбі Әміренің LRT оны ел Президентімен кездесуге апаратынына шынайы сенген видеосын көрді. Оның балалық аңғалдығы, кіршіксіз көңілі мен қарапайымдылығы көпшілікті баурап алды», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Әкімнің айтуынша, мұндай оқиғалар арманға сенуді, жақсылықтан үміт үзбеуді және өмірдің қарапайым сәттеріне қуана білуді еске салады.

Жеңіс Қасымбек Әміреге мықты денсаулық, бақытты балалық шақ және армандарының орындалуын тіледі.