Тоқаев: Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды
Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында елдің қалыптасуы мен дамуына Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесін атап өтті.
Астана, NEGE. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Оның айтуынша, бұл – тарихи әділеттілікке сай келетін мәселе.
«Егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі бұл – әділеттілікке сай келетін мәселе», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, әділеттілікті жоғары рухани құндылық деп танып, тарихи оқиғаларға әділ баға беру қажет.
«Біз бәріміз біртұтас қоғам болып Әділетті Қазақстанды құру ісін қолға алдық. Әділеттілік қағидаттарын халқымыз арасында дәріптеп жатырмыз. Шын мәнінде, әділеттілікті ең жоғары рухани құндылық десек, дұрыс болады. Біз тарихи үрдістерге әділетті көзбен қарап, әділ баға беруіміз керек», – деді Президент.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Республика күніне орай мемлекеттік наградалар тапсыру салтанаты өтіп жатыр.