Тоқаев мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Астана, NEGE. Бүгін ел бойынша 228 мәслихаттың 3447 депутаты сайланады. Сайлаушылар тізіміне 12,7 миллионға жуық азамат енгізілген.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша елдегі сайлаушылардың 12,31 пайызы дауыс берген.
Еске салайық, 12 қазанда мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған болатын. 13 қазанда Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлауды 29 қарашаға белгіледі.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.