Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрілігінің жаңа басшысына бірқатар міндет жүктеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Ақорда

Астана, NEGE. Тоқаев ведомство басшысына мәдениет пен креативті индустрияны одан әрі дамытуды, тарихи-мәдени мұраны сақтап, кеңінен насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ жаңа министрге Қазақстан мәдениетін халықаралық аренада дәріптеу міндеті жүктелді.

«Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы отандық ақпарат кеңістігін жандандыруға, соның ішінде заң жобалау жұмысын заманауи цифрлық тәуекелдерді ескере отырып жетілдіруге күш салу қажет деп санайды», – делінген ресми хабарламада.

Бұдан бөлек, Президент қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру, жастардың жасампаз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау жөнінде міндет жүктеді.