Тоқаев «күйсандық», «қылтима» сөздерінің қазақша аудармасына күмән келтірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір шет тілінен енген сөздердің қазақша баламасы сәтті шықпағанын айтты. Оның пікірінше, «күйсандық», «қылтима», «себезгі», «үнқағаз» сияқты жасанды сөздерге мамандар өз бағасын беруі керек.
Астана, NEGE. Мемлекет басшысы Астанада өткен «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының X мерейтойлық құрылтайында соңғы жылдары қазақ тіліндегі бірқатар сәтті аударма мен жаңа сөздер қолданысқа кеңінен енгеніне тоқталды.
Оның пікірінше, «тұжырымдама», «қағидат», «сыйақы», «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «тыңайтқыш», «жанармай», «босқын», «лаңкестік», «ғаламтор», «тікұшақ», «жасанды сана» сияқты сөздер бұрындары көп қолданылмаса да, қазір қолданысқа кеңінен еніп кеткен.
Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген жақсы бастаманың да шегі болуы керегін атап өтті.
«“Күйсандық” (пианино), “қылтима” (балкон), “субұрқақ” (фонтан), “себезгі” (душ), “қырыққабат” (капуста), “үнқағаз” (газета), “жеделсаты” (лифт), “желкөз” (форточка) сияқты жасанды сөздердің қажеттілігі күмән тудырады. Соңғы уақытта дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар», – деді Президент.
Сонымен қатар, ол тіл біліміне қатысты әмбебап әрі баршаға қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу үшін мемлекеттік деңгейде арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдері кіруі тиіс.
Ал жұмыс тобының қызметін Президент Әкімшілігі үйлестіреді.