Тоқаев ҚТЖ жұмысын сынға алды
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит саласындағы ахуалды сынға алып, «Қазақстан темір жолы» компаниясының жұмысын оңтайландыруды, кірісін арттыруды және цифрландыруды жеделдетуді тапсырды.
Астана, NEGE. Күні кеше Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғанынан кейін Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді.
Әсіресе «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметін қатаң сынға алып, оның жұмыс тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Тоқаевтың пікірінше, компанияның кірісін көбейтіп, шығындарды оңтайландыру қажет. Сондай-ақ, цифрлық технологияларды кеңінен қолдануды міндеттеді.
Сонымен қатар Президент логистика орталықтарын кеңейту, шекарадағы және кедендегі рәсімдерді жетілдіру, жүктердің іркіліссіз өтуіне кедергі келтіретін инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді жүктеді.
Оның сөзінше, көлік-логистика компаниялары мен инвесторларға да қолайлы жағдай жасау керек. Бұл ретте жауапты тұлғалар «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтауы тиіс.
Тапсырмалардың орындалуын бақылау Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратының жауапкершілігінде.
Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Тоқаев компания басшыларының ұсталуынан кейін «жемқорлық - мемлекеттік компаниялардың ең басты дерті» екенін атап өтіп, Үкімет пен бақылаушы органдарға екі апта ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту жөнінде ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырды.