Тоқаев қорғаныс және ішкі істер министрлерін қайта тағайындады
Дәурен Қосанов қорғаныс министрі, Ержан Сәденов ішкі істер министрі қызметінде қалды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.
Дәурен Қосанов бұл қызметті 2025 жылғы 8 маусымнан бері атқарып келеді. Оған дейін әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы, әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, қорғаныс министрінің орынбасары – әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болған.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Сапарбекұлы Сәденов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Ержан Сәденов министр қызметін 2023 жылғы қыркүйек айынан бері атқарып келеді. Оған дейін Маңғыстау, Ақмола облыстары және Астана қаласы көліктегі ішкі істер департаменттері бастығының орынбасары, бастығы лауазымдарында еңбек етті, сондай-ақ ішкі істер министрінің орынбасары болды.