5 января 2026 г. 9:48

Тоқаев: Қитұрқы саяси ойындармен әуесте­ніп кеткен кәсіпкерлерді сынауға тура келді

Фото: turkystan.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan басылымына берген көлемді сұхбатында ірі бизнес өкілдері, олардың қоғамның наразылығын тудырып жататын өмір салтына қатысты пікірін білдіріп, бизнесмендер ел экономи­ка­сын өркендету үшін жұмыс істеуі керек екенін айтты.

Астана, NEGE. Журналист Президенттен «Бизнес өкілдері қалталы аза­маттардың да, қарапайым адам­дардың да қамын ойлап өмір сүруді қашан үйренеді?» деп сұрады.

Мемлекет басшысы бизнестің кез келген ел экономикасының негізгі тірегі екенін айтып, жекеменшік институтына ешкім қол сұқпауы тиіс екенін атап өтті.

Президент Швейцарияда жұмыс істеп жүр­генде аса ірі әрі белгілі кәсіпкерлермен кездескенде олардың өз қаражатын өте үнемдеп жұмсай­ты­нын және елден дараланып көзге түскісі кел­мейтінін көріп, таңғалғанын жеткізді.

«Мил­лиард­таған қаржысы бар адамдар қона­қ­үй­дің қарапайым бір бөлмесінде тұру­ға намыстанбайды. Жеке ұшақпен ұш­пақ түгілі, бірінші санаттағы орындарға да отырмайды. Бірақ бұл – олардың бойын­да ғасырлар бойы қалыптасқан дағды. 

Ал біздің кәсіпкерлеріміз үшін қа­лып­ты көрінетін өмір салты кейде қо­ғам­ның наразылығын тудырып жатады. Мұн­дай жағдай көптеген елде бар. Сол үшін де қайырымдылық қызметі жұмыс істейді. Бұл – қоғам мен бизнес арасын­дағы өзара келісім іспеттес», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында

Осы тұста сұхбат алушы басылымның бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы Республика күніне орай азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімінен кейін Президенттің кәсіпкерлермен жеке кездескенін еске салып, сол жиында не айтылғанын сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам игілігіне қызмет ету билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін еске салғанын айтты. Сондай-ақ ол шетелде табысқа жетсе де, туған елін ұмытпай, халқына қолдау көрсетіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өтті.

Президенттің айтуынша, кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемле­кет­тің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әр­дайым солай болуға тиіс деп қабыл­дайды.

«Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға "бизнеспен айналысып жат­қан сіздер ме, әлде Үкімет пе?" деп сұрақ қойдым.

Қитұрқы саяси ойындармен әуесте­ніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономи­ка­сын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіп­ті, кәсіптің жілігін шағып, майын іш­кен Илон Масктің өзі саясатқа бел­сен­­ді араласпау туралы шешім қабыл­дады.

Отандық бизнес өкілдері тари­хы­мыз­да бұрын-соңды болмаған алапат тас­қын кезінде елдік істен шет қалған жоқ, апат салдарын жоюға қаржылай кө­мек көрсетті. Бұл – қуанарлық жағдай», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осы ретте мемлекет басшысы қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін ар­найы «Мейірім» орденін енгізгенін атап өтті. Елге жа­­­нашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауап­­кершілік танытқан кәсіпкерлер биыл­­дан бастап осы жоғары наградаға ие болады.