Тоқаев Кипр президентіне І дәрежелі «Достық» орденін табыс етті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Кипр Президенті Никос Христодулидисті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Ақорда.

Ақорда

Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев Никос Христодулидистің Қазақстан мен Кипр арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.


«Қазақстан мен Кипр арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесіңізге шексіз құрметтің белгісі ретінде Сізге І дәрежелі «Достық» орденін табыстау жөнінде шешім қабылдадым. Бұл орден атауы айтып тұрғандай, достықты, Қазақстан мен Сіздің еліңіздің арасындағы қарым-қатынастың негізі саналатын сенім мен серіктестік рухын сипаттайды. Жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін! Достас Кипр халқының игілігі мен өркендеуі жолында жетістіктерге жете беріңіз», – деді Қазақстан басшысы.

Өз кезегінде Никос Христодулидис жоғары награданы табыстағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. 

«Марапатты екі ел арасындағы достықтың нышаны ретінде Кипр халқының атынан қабыл аламын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Бүгінгі сапар перспективті салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы ортақ мүдде мен мықты саяси ерік-жігерімізді паш етеді», – деді Никос Христодулидис.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидис жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің делегация мүшелері мынадай құжаттар алмасты:

1. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Кипр Республикасы Зерттеу, инновациялар және цифрлық саясат кіші министрлігі арасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, электрондық үкімет, ғарыш қызметі және киберқауіпсіздік салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Кипр Республикасы Мәдениет кіші министрлігі арасында мәдени ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Кипр Республикасы Білім, мәдениет, спорт және жастар министрлігі арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

4. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Кипр Республикасы Білім, спорт және жастар министрлігі арасында спорт саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасы Сыртқы сауда палатасы мен Кипр Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы инвестициялық және іскерлік перспективаларды нығайту бойынша ынтымақтастық туралы келісім.