Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

NEGE

Астана, NEGE. Мемлекет басшысы бұл мейрам халқымыздың рухани өмірінде ерекше орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, Құрбан айт мейірімділікке, қайырымдылыққа, өзара құрмет пен жанашырлыққа үндейді.

«Бұл – әділдік пен адамгершілікті, ой мен сана тазалығын арқау еткен ислам ілімінің ұлағатын дұрыс түсініп, тағылымын тереңірек тануға зор ықпал ететін ерекше кезең. Түптеп келгенде, біздің асыл дініміз де, еліміздегі басқа дәстүрлі діндер де халқымыздың рухани дамуына, ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен қоғамдағы ынтымақ-бірліктің артуына негіз болып отыр», – деді Президент.

Тоқаев бұл күндері өзгеге қол ұшын беру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезіну маңызды екенін айтты.

Президент сондай-ақ елдің егемендігі мен тәуелсіздігінен биік құндылық жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, ұлттық бірлікті күшейту, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты.

«Ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты көздің қарашығындай сақтау – әрбір отаншыл азаматтың перзенттік парызы», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Қазір оқып жатыр

Путин Қазақстанға сыйға тартылған Амур жолбарыстары туралы айтты

Арқалықта мектептің шатыры өртенді

ҰҒОО Орталық Азиядағы МАГАТЭ-нің алғашқы Anchor Centre болады

Тоқаев МАГАТЭ басшысы Гроссимен ядролық қауіпсіздік пен Иран мәселесін талқылады