Тоқаев қазақстандықтарды 10 тамыз – Абай күнімен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтап, ойшылдың шығармашылық мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алатынын атап өтті.
Астана, NEGE. Мемлекет басшысы құттықтауында ақынның «Толық адам» идеясына да тоқталып өтті.
«Құрметті отандастар, баршаңызды Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы ойшылдың шығармашылық әрі зияткерлік мұрасы әлемдік және ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы қатарынан айрықша орын алады. Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды. Хакімнің «Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биыл Абай күні елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты. Атап айтқанда, Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, биліктің барлық институттарын түбегейлі жаңғырту үдерісі басталды. Көп ұзамай ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Тоқаевтың пікірінше, бір палаталы Парламент реформаларды сапалы әрі тиімді іске асыруға тың серпін бермек. Бұл ретте Мемлекет басшысы Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндесетінін атап өтті.
«Бұл өзгерістердің түпкі мәні – жасампаздық құндылықтарын азаматтардың санасына сіңіріп, Қазақстанның тың қарқынмен дамуына жол ашу. Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз. Ұлы ақын халықтың болашағы үшін білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік сынды қасиеттер өте маңызды екенін ұғындырды, көрегендік танытып, жұртты бірлік пен келісімді сақтауға шақырды. Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. "Адал Азамат", "Таза Қазақстан", "Заң мен Тәртіп" тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Сондықтан, біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді Президент құттықтауында.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшылдың мол мұрасы алдағы уақытта да өскелең ұрпақты шынайы отаншылдық пен туған елге сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу ісінде рухани азық болатынына сенім білдірді.