Тоқаев Қазақстанды «Штрафстан» дейтіндерді ойы келте адамға теңеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне тоқталып өтті.

yandex.kz

Астана, NEGE. Бұл ретте Президент адамдардың туристік нысандар мен табиғат аясындағы тәртібіне айрықша назар аудару маңызды екенін атап өтті.

«Тәртіп бұзушыларды, яғни вандалдарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бір сөзбен айтқанда, құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек.

Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс. Осы маңызды дүниені дұрыс түсінген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, әскери қақтығысқа толы заманда татулық пен тұрақтылық болмаса, ешқандай реформа іске аспайды. Сондықтан, оның сөзінше, құқық қорғау мекемелері заң бұзушылықтарға қатаң шаралар мен жазалар қолдануы керек.

«Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары да бар, құқықтық әрекеттерімізді "Штрафстан", "Айыппұлстан" деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек», – деп атап өтті ол.

Президент өз сөзінде Қазақстан «Заң мен тәртіп» саясатын жүргізетінін, халық соны талап ететінін айтып өтті. Оның айтуынша, әкімдер де осы мәселеге баса назар аударуы керек.