Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі мен оның Аппараты туралы ережені бекітті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, Қауіпсіздік кеңесі мен оның Аппараты туралы ереже бекітіліп, Қауіпсіздік кеңесі төрағасы орынбасарының өкілеттіліктері айқындалды, деп хабарлады Ақорда.

Ақорда

Астана, NEGE. Қауіпсіздік кеңесі мен оның Аппаратына жаһандық сын-қатерлерге, ішкі ахуалдың өзекті аспектілеріне жан-жақты талдау жүргізу міндеті жүктелген.

Ережеге сәйкес, Қауіпсіздік кеңесі төрағасы орынбасарының құзырына:

  • Қауіпсіздік кеңесі төрағасының актілері мен тапсырмаларының, Қауіпсіздік кеңесі шешімдерінің, соның ішінде шұғыл отырыстарында қабылданған шешімдердің мүлтіксіз әрі толық орындалуын бақылау;
  •  ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін арттыру, заң мен тәртіпті сақтау салаларындағы іс-шараларды іске асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру кіреді. 

Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарының міндетіне ақпараттық және киберқауіпсіздік, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысу кіреді.

Бұдан бөлек Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары жоғарыда аталған шараларды іске асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіріп, халықаралық байланыс орнатады, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі Аппаратының қызметін ұйымдастырады.

Қауіпсіздік кеңесінің Аппараты өз алдына дербес мемлекеттік орган ретінде Президентке тікелей бағынып, есеп береді. Орган ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылау ісін жетілдіру және күшейту, мемлекетті басқарудың орнықтылығын қамтамасыз ету, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы мен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі қызметіне институционалдық тұрғыдан қолдау көрсету және олардың шешімдерін орындау шараларымен айналысады.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен  Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева тағайындалды. Ал 29 тамызда Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің аппаратын жеке мемлекеттік орган ретінде құруды көздейтін жарлыққа қол қойған еді. Ведомствоны Мұрат Баймұқашев басқарады. Нұржан Каджиақбаров Қауіпсіздік кеңесі Аппараты басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Руслан Жақсылықов пен Геннадий Зуев Қауіпсіздік кеңесі Аппараты басшысының орынбасарлары атанды.