Тоқаев испандық футбол мектебінің тәжірибесін Қазақстанға әкелмек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Испанияның футбол мектебіндегі озық тәжірибені зерттеп, оны Қазақстанда жас ойыншыларды даярлауға қолдануға ниетті екенін мәлімдеді.

akorda.kz

Астана, NEGE. Мемлекет басшысы беделді «Атлетико Мадрид» футбол клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринді қабылдады. Кездесуде Қазақстанда футболды дамыту, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және жас спортшыларды даярлау мәселелері талқыланды.

Тоқаев Испания құрамасы мен испан футбол мектебінің жетістіктерін атап өтіп, олардың тәжірибесін қазақстандық дарынды ойыншылардың жаңа буынын тәрбиелеу ісінде қолдануға ниетті екенін де жеткізді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан футбол инфрақұрылымына, жаттығу базаларына және жас ойыншыларды даярлау бағдарламаларына инвестиция салып жатыр. Бұған қоса, елдегі футбол клубтарын жекешелендіру жұмыстары жалғасып келеді. 

Мемлекет басшысы ФИФА-мен бірлесіп, еліміздің барлық өңірінде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу жұмыстары қолға алынғанын да атап өтті.

Өз кезегінде Мигель Анхель Хиль Марин Қазақстанда футболды қолдауға көңіл бөлгені үшін Президентке алғыс айтты. Ол Алматы облысындағы «Атлетико Мадрид» академиясының инфрақұрылымы болашақта футболға арналған үздік оқу-жаттығу кешендерінің біріне айналатынына сенім білдірді.