Тоқаев Иранның БАӘ аумағын бомбалауына алаңдаушылық білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арикиді қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Ақорда

Астана, NEGE. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалға, соның ішінде Иран тарапының Біріккен Араб Әмірліктері аумағын бомбалап жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Мемлекет басшысы аталған елдің азаматтық инфрақұрылымына жасалған әскери шабуылды Қазақстан алғашқылардың бірі болып айыптағанын, бұл туралы БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлескен кезде мәлімдегенін еске салды.

«Қазақстан Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың бейтарап мемлекеттерді шарпып жатқанына қарсы. Осы орайда жағдайды ушықтырмай, аталған әскери қақтығысқа қатысы жоқ БАӘ мен Шығанақ елдерінің егемендігін, аумақтық тұтастығын бұзбауға, сондай-ақ шиеленісті саяси-дипломатиялық жолмен реттеуге шақырады.

Президент еліміздің қажет болған жағдайда бейбіт келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін растады», – делінген Ақорда хабарламасында.

Елші Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арики Қазақстанның БҰҰ Жарғысының қағидаттарын берік ұстанып, Әмірліктер мен Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне қатысушы барлық елдің егемендігіне, аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне құрметпен қарағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктерімен достық және бауырластық байланыстарды дамытуға, өзара мүддеге сай көптеген бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ынталы екенін атап өтті.

Қазір оқып жатыр

«Газ баллонын ашып, әдейі өрт тұтатқан»: Шахтинскідегі жарылыстың мән-жайы айтылды

Ақмола облысында шахтада заңсыз алтын іздеуші қаза тапты

Трамп Иранның электр станцияларына соққы жасауды бес күнге кейінге қалдыруды тапсырды

Қырғызстанда министр қоғамдық орында шылым шеккені үшін жазаланды