20 января 2026 г. 13:23

Тоқаев Халық кеңесін құруды ұсынды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мемлекеттік органҚазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынды. 

Астана, NEGE. Президент Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи тұрғыдан маңызды миссиялары іс жүзінде аяқталды деп есептейтінін жеткізді.

«Осыған байланысты жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынамын.

Жаңа орган қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функцияларындағы стратегиялық сабақтастықты сақтау – қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту айрықша маңызды деп санаймын.

Сонымен қатар Халық кеңесі өз мәні жағынан өзге елдердің консультативтік-кеңесші құрылымдарының тәжірибесін біріктіретін жаңа мемлекеттік органға айналады», – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның Халық кеңесі елдің ең жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. 

Халық кеңесінің жоғары органы жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия болады.

Кеңес құрамын 126 адамнан жасақтау ұсынылған. Оның ішінде: 

  • этномәдени бірлестіктерден – 42 адам;
  • ірі қоғамдық бірлестіктерден – 42 адам;
  • мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден – 42 адам.

Халық кеңесі құрылған жағдайда, оның мүшелерін Президент тағайындайды, ал Төрағаны Кеңес мүшелері сайлайды.

Халық кеңесі төрағасының қоғамдық негізде, ротациялық тәртіппен тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық басшысы болады.

«Халық кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру қажет, бұл, сөзсіз, оның мәртебесін едәуір күшейтеді», – деп атап өтті Президент.

Кеңеске Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері жөніндегі базалық функционалы беріледі.

Сонымен қатар жаңа орган ішкі саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге басымдық береді, мемлекеттік идеология мәселелерін ілгерілету және түсіндірумен, сондай-ақ Конституция мен мемлекеттің басқа да аса маңызды құжаттарының ережелерін насихаттаумен айналысады.

Кеңестің құзыретіне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар өзге де гуманитарлық форумдарды өткізу міндеті беріледі.