Тоқаев елдің қорғаныс қабілетін нығайтуды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдап, министрліктің жыл басынан бері атқарған қызметінің қорытындысын тыңдады.
Астана, NEGE. Ақорданың хабарлауынша, Дәурен Қосанов Президентке Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығы, әскердегі цифрлық инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары, «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына әзірлік барысы жөнінде баяндады.
Сондай-ақ ол Голан жоталарындағы екінші ұлттық контингент миссиясының сәтті аяқталғанын және үшінші контингенттің ротациясы басталғанын жеткізді. Бұл ретте ол қазақстандық әскери қызметшілердің бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесіне халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға берілгенін атап өтті.
Бұған қоса Мемлекет басшысына әскерге шақыру науқаны, әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берілді. Сондай-ақ 21-27 маусым аралығында Бурабайда «Айбын – 2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізуге дайындық барысы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрлік басшысына Қарулы күштердің жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіруге, армияны цифрлық тұрғыдан трансформациялауға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.