Тоқаев: Біріккен Ұлттар Ұйымына түбегейлі реформа жасау керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Ақорда

Астана, NEGE. Жиында Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның: «Біз әлі де жолайрықта тұрмыз» деген сөзін еске алып, ұйымды реформалауға қатысты ойын ортаға салды.

 «Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсету керек екенін жұрттың бәрі айтады. Бұл – факт. Бірақ Ұйымға қолдау көрсетіп қана қоймай, оған реформа жасау керек. Бұл да шындық. Ашығын айтқан жөн, "Ұйымға тез арада реформа жасалады" дегенге ешкім сенбейді. Өйткені БҰҰ-ны реформалау, өзгерту, қызметін қайта қарау мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы керек екенін мойындауымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы. 

Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің ұстанымын Ұйымдағы дағдарыстың басты себептерінің бірі ретінде атап өтті.

«Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда "дұшпан мемлекеттер" деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі "жау елдер" Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру», – деді ол.

Президент өңірлік және жаһандық қақтығыстар БҰҰ мен басқа да ірі халықаралық ұйымдар алаңында емес, белгілі бір елдердің астаналарында, жекелеген конференц-залдарда талқыланып жатқанын сынға алды.

«БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл ойланатын мәселе. Демек БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл, ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма?» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымында және басқа да халықаралық құрылымдарда бейбітшілікті сақтау үдерісі тоқырап тұрғанын және қақтығыстарды тоқтатуда превентивті дипломатияның өте өзекті екенін атап өтті. 

Қазір оқып жатыр

«Қыз Жібектің» камзолы Баян Алагөзовада қайдан жүр?

Ақтөбеде 20 күн бұрын жоғалып кеткен баланың денесі өзеннен табылды

«Көліктер жүзіп барады»: Нөсер жаңбырдан Алматы көшелерін су басты

4 жылдан кейінгі алтын: дзюдошы Әділет Алмат Азия чемпионы атанды