23 июня 2025 г. 17:08

Тоқаев бір апта ішінде құқық қорғау органдарындағы олқылықтардың барлығы көрсетілетін материал дайындауды тапсырды

Фото: Ақорда

Мен бір апта ішінде құқық қорғау органдарындағы олқылықтардың барлығы көрсетілетін материал дайындау жөнінде тапсырма бердім, деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Астана, NEGE. «Құқық қорғау органдарында үздіксіз әрі мінсіз қызмет атқарғандарға «құрметті қызметкер» атағы беріледі. Алайда кейбір құрылымдарда бұл жоғары атақ басшыларға ғана бұйырады. Қатардағы қарапайым қызметкерлер арасында ұзақ жылдар бойы кәсіби борышын адал атқарып жүрген лайықты кандидаттар жеткілікті. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып, моральдық рухын күшейту маңызды.

Былтыр Президент Әкімшілігінің бастамасымен құқық қорғау органдарының кадрлық құрамын цифрлық бағалау жүйесі енгізілді. Бұл объективті дербес рейтинг қалыптастыруға мүмкіндік берді. Құқық қорғау органдарының басшыларына қызметкердің лауазымын жоғарылатқанда және көтермелегенде негізінен цифрлық бағалауға сүйенуді тапсырамын.

Тағайындаулар біреуге бүйрегі бұратын субъективті шешімге емес, лайықты еңбекке, нақты көрсеткіштер мен кәсіби жетістіктерге негізделуге тиіс. Әйтсе де, Ли Куан Ю айтқандай, ішкі түйсікке де иек артқан жөн. Әрбір офицер адал қызметінің лайықты бағаланатынына сенімді болуы керек.

Жалпы, бүгінгі айқындалған бағыттар құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтаудың жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Институттық реформалар мен технологиялық жаңашылдықтарды ұштастыра отырып, құқық қорғау органдарын одан әрі жаңғырта беруіміз керек.

Мен бір апта ішінде құқық қорғау органдарындағы олқылықтардың барлығы көрсетілетін материал дайындау жөнінде тапсырма бердім. Мұнда қызметке де байланысты кемшіліктер бар. Сондықтан біз бүгін ол туралы егжей-тегжейлі айтпаймыз. Дегенмен мәселенің шет жағасы қозғалды. Бір апта ішінде құжат барлық құқық қорғау органына жіберіледі. Одан кейін біз жабық форматта жиын өткізіп, жұмыс барысын талқылаймыз», – деді президент.