16 января 2026 г. 11:35

Тоқаев банктер туралы жаңа заңға қол қойды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңына қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Астана, NEGE. Сондай-ақ Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Бұл заңдар банк жүйесінің тұрақтылығы мен ашықтығын арттыруға, салымшылар мен қарыз алушылардың құқығын қорғауға, цифрлық қаржы құралдарын дамытуға, алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге, бұған қоса қаржы нарығына деген сенімді арттыруға бағытталған.

Негізгі жаңалық – банк лицензияларының екі түрі енгізілді: базалық және әмбебап. Базалық лицензиясы бар банктер жеңілдетілген режимде жұмыс істей алады, алайда активтер мен капитал көлемі бойынша шектеулер болады. Бұл нарыққа кіру кедергілерін төмендетіп, бәсекелестікті арттыруға тиіс.

Сенат аппаратының басшысы Максим Споткайдың мәлімдеуінше, бұған қоса заңда банктік қарыздар бойынша комиссияларға қатысты нормалар нақтыланды: банктер комиссияларды тек заңда тікелей көзделген шектерде ғана алуға құқылы. Сондай-ақ жеке тұлғаларға берілетін банктік қарыздар бойынша сыйақының тіркелген мөлшерлемесін біржақты тәртіппен өзгертуге тыйым салынған.

«Банк, сақтандыру және микроқаржы қызметтері бойынша бірыңғай қаржылық омбудсменнің кеңсесі құрылды, ол проблемалық берешекке қатысты азаматтардың дауларын сотқа дейін реттеумен айналысады», – деп мәлімдеді ол.

Оның түсіндіруінше, заңдағы өзгеріс бойынша, егер ақша алаяқтық белгілері бар және антифрод-орталықтың базасында тұрған бенефициардың пайдасына аударылса, банк клиент алдындағы жауапкершілікті көтеріп, қаражатты өтеуге міндеттетеледі.

Биометриялық аутентификациясыз жеке тұлғалармен банктік қарыз шарттарын қашықтан жасасуға тыйым салынды.

Қадағалау, тәуекелдерді ерте анықтау және ақпаратты қауіпсіз алмасу үшін «деректер витринасын» қалыптастыру мен жүргізу талаптары енгізілді.

Валюталық операцияларды бақылау күшейтілді.

Капиталдың заңсыз шығарылуына қарсы іс-қимыл мақсатында валюталық операцияларды мониторингтеу тетіктері күшейтілді, уәкілетті органдардың өкілеттіктері мен қаржы институттары арасындағы ақпарат алмасу тәртібі нақтыланды.