Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады.
Астана, NEGE. Ақорда мәліметінше, Сапаров Президентке егістік және жайылымдық алқаптардың жай-күйі, шаруаларға жеңілдетілген несие беру, ауылшаруашылық техникалары лизингін дамыту және саланы цифрландыру жөнінде баяндады.
Министрдің мәлімдеуінше, биылғы бірінші жартыжылдықта тағам өнімдерін өндіру 14,7 пайызға ұлғайса, ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 4,4 пайызға, соның ішінде егін шаруашылығы – 7,7 пайызға, мал шаруашылығы 4,4 пайызға өскен.
Болжамға сәйкес, жыл соңына дейін ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 5,9 пайызға артады. Тағам өнімдері өндірісін 9,5 пайызға, сусын өндірісін 10,5 пайызға ұлғайту көзделген. Саладағы негізгі капиталға 2,2 триллион теңге инвестиция салынбақ.
Биылғы қаңтар-сәуір айларында АӨК өнімдерінің экспорты былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 36 пайызға артып, 3 миллиард долларға жеткен. Министр жыл соңына қарай экспорт көлемін 7,2 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын айтып өтті.
Сондай-ақ Сапаров 2030 жылға дейін ветеринарияны дамыту жөніндегі кешенді жоспардың бекітілгенін атап өтті. Жоспар аясында ветеринарлық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, саланы қосымша қаржыландыру және нормативтік-құқықтық базаны жаңарту қарастырылған.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Айдарбек Сапаровқа қосылған құны жоғары өндірісті жандандыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.