Тоқаев: Астана – Тәуелсіз Қазақстанның символы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтап, елорданы егемен еліміздің жүрегі әрі Тәуелсіз Қазақстанның символы деп атады.

Ақорданың баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Президенттің айтуынша, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын бас қала бүгінде тарихи өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып, «ақылды қала» мәртебесіне ие болды.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары елордада саябақтар, гүлзарлар мен балалар алаңдары көбейіп, тұрғындар мен қонақтарға қолайлы орта қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

Президенттің сөзінше, елорданың мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң Астананың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейте түсті.

«Бас шаһардың халықаралық абырой-беделі де нығайып келеді. Аймақтық және жаһандық саясаттың аса өзекті мәселелеріне қатысты шешімдердің Астанада қабылдануы – соның айқын дәлелі. Бас қаламыз жауапты азаматтық ұстанымға, «Заң мен Тәртіпке», «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық этиканың жарқын көрінісі болуға тиіс», – деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Астана тұрғындарына амандық пен толағай табыс тіледі.