5 января 2026 г. 10:59

Тоқаев: Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ

Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan басылымына берген сұхбатында армиядағы қазіргі ахуалға тоқталып өтті.

Астана, NEGE. Президент әскери борышын өтеуге ша­қырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өр­кениетті елге жат, теріс үрдіс деп са­най­тынын жеткізді. Оның пікірінше, бейбіт заманда мұндай жайт­тар болмауға тиіс.

Бұл ретте Қасым -Жомарт Тоқаев барлық күш­тік құрылым басшыларымен жуыр­да өткен кеңесте қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылы­ғын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алғанын атап өтті.

«Армия жас­тарға қолдау көрсетіп, оларды Қазақстанның нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әс­керде әлімжеттікке, бұзақылыққа, ру­шылдыққа, жершілдікке орын жоқ, он­дай жайттарға жол берілмейді. Мұ­ның бәрін өзім жеке қадағалап отыра­мын. Мен ахуалды түзеу үшін шұғыл ша­ра­лар қабылдау жөнінде бұйрық бердім», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қайғылы оқиғалар әскери бө­лімшелердің бәрінде бірдей болып жатқан жоқ.Тексеру жұмыстары, жалпы, әскер­дегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсет­кен.

Бұл ретте Президент шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратанын блогерлерді сынға алды.

«Танымалдыққа ұмтылған кейбір бло­герлер әскердегі шынайы ахуалға мүл­дем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн сайын дер­лік қылмыскерлердің құрбанына ай­налып, қаза табатын жер ретінде көр­сеткісі келеді», – дейді Мемлекет басшысы.

Оның пікірінше, сарбаз болу – өзіңді да­мыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу. Әскери борышын өтеп қайт­қан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады.  Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді.  Ал келісім­шарт­пен жұмыс істейтін әскери қызмет­ші­лер мен офицерлер әлеуметтік жағы­нан барынша қорғалған.

«Армияда темірдей тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын "Әске­ри қызметтің ауыртпалықтары мен қиын­шылықтарын табандылықпен кө­теремін" деген сөзден әскери өмірдің қа­таңдығын айқын аңғаруға болады. 

Әскери қызметтің абырой-беделін кө­теру және еліміздің қорғаныс қабіле­тін арттыру – мемлекеттің басты басым­ды­ғының бірі», – деп мәлімдеді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында Қазақстанның Қарулы күштерін тех­нологиялық жаңғырту жұ­мысы қарқынды жүргізіле бастағанын баса айтты. Оның сөзінше, был­тыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген әскери шеруді шетелдік саясаткерлер мен әскери қайраткерлер жо­ғары бағалаған, бұл іс-шара армияны заманауи қару-жарақпен және техникамен, соның ішінде Қазақстанда жасалған өнімдермен толық жабдық­тал­ғанын, сондай-ақ, әскери қызметші­лердің дайындығы өте жақсы екенін айқын көрсеткен.

«Әскери бөлімшелеріміз ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі жаттығуларда тамаша нәтижеге жетіп жүр. Қазақстанда колледждерден бастап университетке дейінгі білім және ғылым мекемелерін түгел қамтитын ұлттық әскери мектеп қалыптасты», – дейді Тоқаев. 

Мемлекет басшысы жуырда Тараздағы мамандан­дырыл­ған әскери мектепке аты аңыз­ға айналған батыр Бауыржан Мо­мышұлының есімін беру туралы ше­шім қабылдағанын атап өтті. Президент облыс орталығының бәрінде осындай мектеп ашу туралы тап­сырма берген.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай білім мекемелерін­де Қазақстан халқы мақтан тұтатын сардар­лар мен генералдар тәрбиеленіп шыға­ты­нына сенімді.